«Аltai» арнасына жаңа директор тағайындалды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басшысы Ләззат Танысбай арна ұжымымен кездесіп, жаңа басшыны таныстырды. Осыған дейін облыстық телеарнаны танымал журналист Нұртас Көшеров басқарған еді. Нұртас Солтанұлы енді «Қазақ радиолары» ЖШС-ның бас директоры қызметін атқарады. Ал, «Аltai» арнасының тізгінінде өңірге танымал тілші Берік Көшербай. Нұртас Көшеров телерадиокорпорацияда 18 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2011 жылдар аралығында «Қазақстан» телеарнасы ақпараттық бағдарламалар дирекциясының тілшісі, 2011-2019 жылдары Ұлттық арнаның Ресейдегі меншікті тілшісі болды. 2019 жылдан бастап корпорацияның «Аltai» облыстық филиалын басқарды. Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Нұртас Солтанұлы аймақтық арнада табысты қызмет атқарғанын атап өтті. Арнаға басшылық еткен жылдары бірнеше тың тележобалар жарыққа шығып, жаңа журналистер буыны тәрбиеленді. Ол бастаған ұжым бірнеше рет облыстық, республикалық журналистік байқауларда жүлдегерлер қатарына ілінді. Арна ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, техникалары жаңарды. ҚР Журналистер Одағының облыстық филиалының төрағасы ретінде, талай шаруаға мұрындық болды. Әсіресе, өңірдің қордаланған мәселелерін қаузап жүрген аймақ тілшілерінің бірқатары одаққа қабылданып, «Құрметті журналист» атағын алды. Жазда ғана арнаның дүркіреп өткен 65 жылдық мерейтойын ұйымдастыру ісін де қолға алған еді. Бүгін ұжыммен жүздесіп, жылы лебізін білдірді. Ал, Ләззат Танысбай қызметкерлерге жаңа басшы Берік Көшербайды таныстырды. Ұжым Берік Тойболдыұлын жақсы біледі. Телеарнадағы ең алғашқы еңбек жолын сол кездегі «ВКТВ», қазіргі «Аltai» арнасында телеоператор болып бастаған. Әр жылдары редактор, редактор-жүргізуші, «Қазақстан» телеарнасының өңірдегі меншікті тілшісі болып еңбектенді. Ұлттық арнада жаңалықтар қызметінің шеф-редакторы болды. Ал, соңғы лауазымы «Қазспорт» арнасының бас редакторы.