Шығыстағы ауыл шаруашылығының қай бағытын алсаңыз да, әр салада өрлеу бар. Қожалық иелері асыл тұқымды, етті,сүтті бағыттағы мал басы санын арттырса, диқандар егістік алқабына түрлі дәнді-дақылдарды отырғызып, қамбаны алтын дәнге толтырып келеді. Облыс әкімі Ермек Көшербаев аймақта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекеге орай марапаттады. Агроөнеркәсіптік кешен - бұл жаңа бизнес-идеяларды дамытуға, заманауи технологияларды енгізуге болатын экономиканың нақты секторы. Облыс әкімі Ермек Көшербаев ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Елдің агроөнеркәсіптік кешенін, атап айтқанда жекелеген аудандарды дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Бұл бастаманы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында бірнеше рет көтерген болатын. Сандарға көз жүгіртсек осы жылдың он айында шығыстағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 435 млрд. теңгеге жуықтады. Мұндай нәтиженің артында осы саладағы жұмысшылардың еңбегі жатыр. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүргендерді қолдау мақсатында түрі шаралар іске асырылып келеді. Аймақ басшысының айтуынша, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Өскеменде өтетін сенбілік жәрмеңкенің тұрғындарға берері мол. Марапаттау рәсімінен соң өңір әкімі Ермек Көшербаев жиналған қауымды ауыл шаруашылығы басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл қызметке Ажар Қажыбекова тағайындалды. Бұған дейін ол аймақ басшысының ауыл шаруашылығы саласы бойынша кеңесшісі қызметін атқарған.