Дуалды оқыту – кәсіби білім беруде прак¬тика мен теорияның біріктірілуі. Басты мақсаты – өндірісте жұмыс істеу дағдысы әбден қалыптасқан маманды даярлау. Бір сөзбен, оқып жүргенде-ақ жұмысқа араласып, кәсіпті меңгерген жастарды дайындау дегенді білдіреді. Облыстағы білім беру саласы бұл ретте айтарлықтай нәтижелермен мақтана алады. Перизат Санатова Өскемен жылу және электр энергиясын өндіру орталығының су зертханасында тәжірибемен тыңғылықты айналысуда. Болашақ жылу энергетигі қызметінің жауаптылығын жақсы түсінеді. Дуалды оқыту аясында қаладағы ірі кәсіпорында келешек кәсібін үйреніп жүр. Өндірістік база барлық жағдайды жасап отыр. Өскемен жылу-электр орталығы аймақтағы ең ірі станция. Сағатына 850 Гкал.дан аса жылу, 370 МВт.тан аса электр энергиясын өндіреді. Қуаты мол кәсіпорынға құзіреті сай, ісін жақсы білетін мамандар ылғи қажет. Дуалды оқытудың шын пайдасын көріп, өндірістік алаңға айналған. Оқу орталығы алдағы уақытта Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да «Жылу энергетикасы» және «Электр энергетикасы» білім беру бағдарламалары бойынша филиал ашуды жоспарлаған. Облыстық білім басқармасы өңірдің Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 46 мамандық бойынша 4 мыңға жуық студентті қамтитын 28 колледжде және жетекші кәсіпорындармен серіктестікте дуалды оқыту жүйесі бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асыруда. Студенттерді өндіріс жағдайында тиянақты практикалық оқытудың нарықтық сұранысқа ие білікті мамандармен қамтамасыз етуде септігі зор. Дуалды оқыту арқасында еңбекке араласып жүргендердің бірі Өскемен құрылыс колледжінің студенті Павел Прокопчик. Павелдің айтуынша, мұндай мүмкіндік ертең қолға диплом алғанда жол ашады. Дуалды оқытудың тағы бір артық тұсы – кадр тапшылығын азайтуға көмектеседі. Өйткені, өңірде әсіресе техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары. Құрылысшылар, инженерлер, энергетиктердің бос орындарына жастар жағы көп бара бермейтін. Дегенмен, дуалды оқытудың пайдасы тиді. Ұтпасаң, ұтылмайсың. Дуалды жүйемен оқытылған түлек¬тердің жұмысқа орналасу көр¬сет¬кіші де жоғары болады. Себебі, оқу барысында өндіріспен тығыз байланыста болған студент жұмыс берушінің талаптарына сай болуға тырысып, мол тәжірибе жинақтайды.