Аймақ басшысы Ермек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтті. Алқалы жиында өңір үшін маңызды бірқатар мәселе қаралды. Соның бірі бірыңғай индустрияландыру картасы жобаларын іске асыру. Өңірде индустрияландыру картасы аясында 22 ірі жоба іске асырылып жатыр. 2020-2022 жылдар аралығында 130 млрд. теңгеге 12 жоба іске қосылған. Ал 2025 жылға қарай құны 348 млрд. теңгенің 10 жобасын пайдалануға беру жоспарланған. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, Өскеменде индустрияландырудың бірыңғай жол картасы аясында қазіргі таңда 6 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, Ұлан, Зайсан және Тарбағатай аудандарында 2, Шемонаиха, Глубокое, Күршім және Самар аудандарында бір жобадан жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, баяндамашы атап өткендей, Катонқарағай ауданында инвестициялық жобалар жоқ.Бұдан бөлек, 2020-2025 жылдар аралығындағы жеке жобаларды жүзеге асыру аудандардың инвестициялық әлеуетіне сәйкес келмейді.Жобаға бөлінген қаражат бар. Ал оны іске асыру жағы көңіл көншітпейді. Аймақ басшысы индустриалдық картаға енген жобалардың уақытылы орындалмауының себебін анықтап, қала және аудан әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді.Облыс әкімі 2028 жылға дейін бірыңғай индустрияландыру картасының 10 жобасын іске асыру барысына тұрақты мониторинг жүргізуді және оны уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.