Күршім ауданындағы әскерилер үшін жағымды жаңалық. 31767 «В» әскери бөліміндегі 31 офицерге Тәуелсіздік күніне орай баспана берілді. Ауданда әскери бөлім 1958 жылы құрылған. Ел егемендігін алғаннан кейін де күштік құрылым шекара шебінде тынбай халықтың тыныштығын күзетті. Әскерилердің қуанышын тіліміз де бөлісіп қайтты. Алғашында жеке радиолокациялық рота болып құрылған әскери бөлім, бүгінде жеке радиотехникалық батальонға айналған. Бөлім шығыстағы шекаралық аймақтың тыныштығына жауапты. 1972 жылы салынған тұрғын үй, биыл қайта жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Жаңа қонысқа ие болған әскерилердің қуанышында шек жоқ. Отбасылар осыған дейін жалдамалы үйде тұрған. Бүгіннен бастап бар жағдайы бар пәтерге орналасады. Жалпы ауданы 778,7 шаршы метр ғимаратта 32 пәтер орналасқан. Жылыту жүйесі электр желісіне жалғанған. Жаңа пәтер бірінші кезекте отбасының ұйытқысы болып отырған әскерилердің жұбайлары үшін қуанышты жаңалық болды. Пәтер кілті салтанатты түрде табысталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары, әскери саланың ардагері мен бөлім басшылары қатысты.