Өңірде автомобиль нөмірін тіркеу, жүргізуші куәлігін алу немесе ауыстыру бойынша мемлекеттік қызметтер қолжетімді бола түседі. Бүгін облыс әкімі Ермек Көшербаев құрылысы әлі аяқталмаған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының нысанын аралап, жұмыспен танысты. Құрылыс басына арнайы барған облыс басшысы нысанның құрылысына баға беріп, мердігерге ескерту жасады. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығындағы жұмыс биыл маусымда басталған еді. Аяқтау мерзімі желтоқсан айының соңына белгіленген болатын. Бірақ, кестеден кешігу бар. Ал нысанның құрылысына бөлінген қаражат – 900 миллион теңгеге жуық. Компания басшысы айтқандай мерзім ұзарды. Желтоқсанның соңына белгіленген құрылысты аяқтау уақыты енді келер жылдың наурызына жылжыды. Нысанның жалпы аумағы 1375.34 шаршы метрді құрайды. Құрылыс аяқталып, қолданысқа берілсе, темір тұлпар тізгіндеймін дегендер үшін қолайлы болмақ. Облыс әкімі Ермек Көшербаев құрылысқа жауапты компанияға ескерту жасап, жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы аумағындағы ескі нысан қалдықтарын тазартуды, кестеден кешікпеуді тапсырды.