Қазіргі таңда әлеуметтік азық-түлік бағасын реттеу бағытында уәкілетті органдар тарапынан бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Халықты алаңдататын тағы бір мәселе – дәрі-дәрмек бағасының шамадан тыс шарықтап кетуіне жол бермеу. Аймақта он мыңға жуық дәріхана бар.Соңғы уақытта дәрі-дәрмектердің бағасына көңілі толмаған азаматтардың арыз-шағымы жиілеген. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елде парацетамолдың құны бір жылда 76,2% - ға өскен. Ал өткен жылдың соңында жалпы өсім 1,1 процентке жеткен. Әлеуметтік дәріханаларда баға тұрақтандырылғанымен өзгелерінде өршіп тұр.

Биыл елде 1 шілдеден бастап 100% дәрілік заттарды таңбалау жоспарланған. Бұл бастама контрафактілік өнімдердің, қауіпті фейктердің көлемін азайту және дәрі-дәрмектің заңсыз сатылуын жоюды көздейді. Дәрі-дәрмекті қадағалау жүйесі бірнеше мәселені бірден шешеді. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда дәрілік заттарды қайта жазу және жалған есептен шығару мүмкіндігін жою, олардың бөлшек саудадағы бағасын, қалдықтарын және жарамдылық мерзімін қадағалау. Толық басқару үшін әрқайсысына екі өлшемді бірегей Data Matrix коды қолданылады. Соның нәтижесінде дәрі-дәрмек өндірілген сәттен бастап, соңғы тұтынушыға жеткенге дейін бүкіл ел бойынша онлайн бақылауда болады.