Аймақта жылыту маусымы басталғалы көміртегі тотығымен улану оқиғалары көбейген. Мәселен, осы жылы оқыс оқиғадан 35 азамат зардап шеккен. Оның 12 –сі бала. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі жарым есеге көп.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше,өткен жылы төрт адам көмірқышқыл газынан уланып, көз жұмған. Бұған қарапайым қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп, дейді ТЖД мамандары. Оқыс оқиға пешті талапқа сәйкес қолданбау, электр жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан тіркелген.
ТЖД мамандары 130 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, нәтижесінде 22 мыңға жуық олқылықты анықтаған. Жыл басталғалы көмірқышқыл газынан уланудың үш оқиғасы тіркелген. Оның екеуі Өскеменде, біреуі Глубокое ауданында болған. Өлім дерегі жоқ. Құтқарушылар аязды күндері тұрғындар пешті ұзақ уақыт пайдалануы салдарынан оның жарылып, тіптен өртке ұласуы мүмкін екендігін ескертеді. Төтенше жағдайлар қызметі жылыту маусымы басталған уақытта өрт жағдайлары жиі тіркелетінін айтады.