Дамыған технологияның арқасында көз кемістігі бар жандар енді әлем алыптарының кез келген туындысын, қазақ зиялыларының шығармасын еш кедергісіз оқи алады. Аймақтағы зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында «Браиль» қарпіндегі кітаптар шығарыла бастады. Тың бастама жайлы әріптесім тарқатсын.

Денис Ишунин, кітаптардағы мәтінді «Браиль» қарпіне теруші маман. Ол бір ай ішінде шығарманың көлеміне қарай екі кітапқа дейін басып шығаруға мүмкіндік бар екенін айтады. Білікті маман, компьютерлік тифлокешеннің көмегімен отандық жазушылардың кітаптарын көз кемістігі бар жандар еш кедергісіз оқи алады, дейді. Қазіргі таңда балалар аудиториясына арналған кітаптар оқырманға жол тартты.

Шығысқазақтанда балаларға арналған брайльмен басылған кітаптар тапшылығы бар. Бұл мәселені шешу үшін облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында бірқатар жұмыстар жолға қойылған.

Мекеме қызметкерлері басылып шыққан кітаптардың бір бөлігін арнайы мектеп оқушыларына сыйға тартты. Енді балалар өздеріне ұнаған шығармаларды еш қиындықсыз оқи алады.

Алда мамандар қазақстандық жазушылардың бірқатар кітаптарын шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа басылымдар кітапхана қорын толықтырып қана қоймай, олардың бір бөлігі облыстың мамандандырылған мектептеріне сыйға тартылады.