Өскеменде өткен жылы интернет алаяқтық бойынша мыңнан аса оқиға тіркелген.Осылайша ақпараттық технология жетістігін теріс мақсатқа пайдаланып, елдің қалтасына түсетіндер көбейген. Интернет алаяқтардың кесірінен тұрғындардың шеккен шығыны 204 млн. теңгеге жуық. Әлеуметтік желіні жайлаған алаяқтар көпшілікті, аз қаржы салып еселеп пайда табуға болатын жалған ұсыныстарымен тұзаққа түсірген.
Қазіргі уақытта интернет арқылы алдау-арбау әдісі түрленген дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Тәртіп сақшылары тұрғындардың сақ болып, күмәнді қоңырау мен хабарламаларға алданып қалмау үшін ақпаратты нақтылауды ескертеді. Алаяқтар ұялы телефондағы түрлі мессенджерлер арқылы өңір тұрғынына жалған мәліметтер мен банк қосымшаларына сілтемелерді жіберіп сендірген.Тіпті жалған қызметтік куәліктер мен тергелген іс құжаттарының көшірмесін жолдаған.
Алаяқтар көбіне микроқаржы ұйымдары арқылы несие рәсімдейді. Қала берді, әлеуметтік желілер арқылы заңсыз ұтыс ойнатып, халықты құрығына түсіретіндер бар.
Әлеуметтік желіде бәрі ашық. Халық жарнама, тауарлар мен қызметтерді көп қарайды. Алаяқтар осы жағдайды ұтымды пайдаланады. Сауатты сөйлеп, адамды шатастырады. Сондықтан, полицейлер белгісіз номер қоңырау шалса құпиясөзді, картаның нөмірін, CVV/CVC-кодтары мен операцияны растау SMS-ін ешкімге айтпауға шақырады. Олар ұсынған мобильді қосымшаны да орнатпау қажет.