Облыс орталығының тұрғындары үйлеріне құбырдан келетін судың сапасы төмен екенін айтып жатады. Әсіресе, құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа аудандағылар. Құрамында металлы, тұзы көп су ағзаға да кері әсер етеді. Жалпы, елде су тақырыбы өткір тұр. 2050 жылға қарай Қазақстан су тапшылығы бар мемлекеттер санатына кіруі ықтимал. Қазірдің өзінде елімізде 600 мыңнан астам адам таза ауыз суға мұқтаж. Күрделі мәселені шешу жолында өскемендік ғалым өз үлесін қосып жатыр.

Ғалымның айтып тұрғаны су объектілерін тазартуға арналған композициялық сүзгі материалын жасауға байланысты. Көп жылдық зерттеудің нәтижесі болған жоба өзекті әлемдік проблема – тұщы судың сапасын жақсартуға бағытталған. Биополимерлер, керамикалық материалдар, сондай-ақ картриджге құрастырылған көміртекті материалдар негізінде сүзгіш композициялық сорбенттер дайындауды қолға алған. Бір сөзбен, отандық су фильтрлерін жасаудың алғашқы қадамын бастаған. Негізгісі – сүзуге қолданылатын материал. Ең қызығы сол, оны жасау кезінде қолданылатын белсендендірілген көмір алу үшін соя, күріш, шемішке сияқты біржылдық өсімдіктердің қауыздары, ағаш үгінділерін пайдаланамыз, дейді жоба авторы Тілек Қуанышбеков.

Су тазартқыш үшдеңгейлі тазартатын үш сүзгіден тұрады. Қолданатын шикізат жергілікті өнімдер. Кейін сүзгінің корпусын да жасау жоспарда. Қорытынды өнім сынақтардан сүрінбей өтіп, коммерциализацияланып нарыққа шықса бағасының қолжетімділігімен, сапасымен сырттан келетін фильтрлерді ысырып шығаруға қауқарлы. Ең алдымен тұрмыстық қажеттілік үшін пайдаға асады. Тіпті кәсіпорындарда, үлкен су нысандарында қолдануға жарамды. Айта кетейік, сәтті жоба Тілек Қуанышбековтың жаңалық әкелген алғашқы ғылыми жұмысы емес.