Өскеменде панкратионнан жасөспірімдер арасында қалалық ашық турнир өтті. Өңірде соңғы жылдары қарқын алған жекпе-жектің өзгеше түріне қызығатын жастар көп. Биылғы чемпионатқа 80-нен астам спортшы қатысуға ниет білдірген. Оның 30-ға жуығы финалдық кезеңде жүлдеге таласты.
Қалалық ашық чемпионатта 59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бәсекелестік өте жоғары болды. Мықтылардың тобында 3 бірдей спортшы алтыннан үмітті еді. Алаңға шыққандардың әрқайсысы да жанкүйерге тартысты жекпе-жек көрсете білді.
Панкратионды тек ерлерге арналған спорттың түрі деуге келмейді. Өйткені, қыздар қауымы да бұл ұрыс түріне қатты қызығады. Қалалық чемпионатта алтын алған ару Қырмызы Тоқтамыс, болашақта ересектер деңгейіне ауысып, әлемді бағындырсам дейді.
Облыста Панкратион федерациясы 2022 жылы құрылған. Панкратион – көптеген ұрыс түрлерінің қосындысы. Бұл спортта жұдырықтасып, күрестің әдіс-айласын да қолдануға болады. Ұйымдастырушылар панкратионның шығыс жерінде қарқынды дамып келе жатқанын, біздегі спортшылардың өте мықты екенін айтады.
Облыста Панкратион федерациясы құрылғалы спортшылар ел ішіндегі жарыстарда жеңіске жетіп, алыс-жақын шетелдерге де шығып жүр. Халықаралық додаларда да жеңімпаз атанған жерлестерде жеткілікті бізде.