Қазақстанға вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салынады. Арнайы заңды Мәжіліс депутаттары бір ауыздан мақұлдады. Сенат қарауына жіберілген құжатқа Мемлекет басшысы қол қойған соң қылмыстық жауапкершілік те көзделген. Енді электронды темекіні сатқан адам 50 тәулікке қамалады. Шекара асырып әкеліп, таратқандар – 2 жылға сотталады. Қылмыстық әрекет бірнеше рет қайталанса – 5 жылға дейiн бас бостандығынан айыру көзделген.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, соңғы екі жылда вейп саудасының айналымы 300 есеге өскен. Электрондық темекі денсаулыққа зиянды болса да, бүгінгі қоғамда тұтынушылар саны көбеймесе азаймай тұр. Тіпті, екі жарым жыл ішінде елге шамамен 3 миллион вейп әкелінген.

Қала тұрғындарының көпшілігі қабылданған жаңа заңды мақұлдайтындықтарын айтты.

Дәрігерлердің айтуынша, электронды темекіні қолданғанда тыныс алу жүйесі, жүрек, асқазан-ішек жолдары зардап шегеді. Салдарынан адамдар бедеулікке ұшырап, өкпе ауруларына шалдығуы мүмкін.

Алдағы уақытта кальянды қолдануға да мүлдем тыйым салынуы мүмкін. Мәжіліс депутаттары осындай ұсыныс та айтты. Ал, жауапты орган өкілдері тез арада заң жобасын әзірлеп, бірқатар шара қабылдау керектігін тілге тиек етті.