«Өңірде қазақ күресін жаңа деңгейге шығару керек». Бұл туралы осы спорт түрінен әлем чемпионы Талғат Әміренов облыстық чемпионатта айтты. Шығыс пен Абай облыстары бөлінгеннен кейін Өскеменде алғаш рет ұйымдастырылған балуандар бәсекесіне 50 жуық жасөспірім жиналды.

Облыстық Қазақ күресі федерациясының құрылғанына жарты жылға жуық қана уақыт болған. Ұлттық спорттың жанашырлары осы біріншілікте көптеген тартысты белдесулердің куәсі болды. 7 салмақ дәрежесінде өткен боз кілем додасына Ұлан, Тарбағатай, Күршім, Алтай мен Зайсан аудандарының мықтылары келді. Өскеменнің өрендері де осы тізімде бар.

Қайрат Маскенов дәл қазір Күршім, Зайсан мен Тарбағатай аудандары қазақ күресі бойынша басқасынан бір саты жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ федерецияның тағы бір жоспары көршілес мемлекеттердегі қандастармен де тығыз байланыс орнатып, ортақ чемпионат өткізу. Балуандар бәсекесіне тоқталсақ... Қай салмақты алсаңда жеңімпазды алдын-ала анықтау мүмкін болмады.

Қазақ күресінен өңірдің мақтанышы – Талғат Әміренов. Танымал балуан облыстық федерацияның алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын айтады. Өңірдің өрендерін республикалық бәсекелерге қосып, олардың шеберлігін арттыру жаңа федерацияның басты міндеті.

2004-2006 жылғы жасөспірімдер арасында өткен облыс чемпионатында үздік атанғандар республика біріншілігіне қатысады. Ел ішіндегі ірі турнирлерде жеңіске жету үшін бозкілем шеберлері алдын-ала оқу-жаттығудан өтіп, жарыс алдындағы режимде дайындалатын болады.