Өскеменнің ауасын қыста ірі өндірістер мен жеке үйлер мен нысандар жаққан көмір түтіні ластайды. Ал жазда қала көліктен шыққан көк түтінге көміліп тұрады. «Қазгидромет» орталығы былтыр 128 күн қолайсыз мето жағдай қалыптасқанын тіркеген. Биыл тек қаңтар айында шаһардың ауасы 15 күн қатарынан ластанғанын хабарлады. Аймақта қалыптасқан күрделі эко-ахуалға байланысты экологтар үнемі дабыл қағып келеді. Тіпті былтырдан бастап тыныс жолдары ауруына шалдыққан науқастарға «химиялық күйік » деген диагнозды қайта қою туралы шешім қабылданған. Бірақ әзірше ол шешімнен нәтиже болмай тұр.

Өңірлік «Қазгидромет» орталығы қалада қолайсыз метожағдай қалыптасқаны туралы ескерту хабарлама таратқан бойда емханаларда кезек көбейеді.Дәрігердердің алды науқастан босамайды. Қала көк түтінге көмілгенде әсіресе балалардың мазасы кетеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы тікелей экологиялық жағдайға қатысты бүгінге дейін «химиялық күйік шалу» диагнозы қойылды ма, жоқ па ол туралы ашық ақпарат бермей отыр. Дәрігерлердің сөзіне сенсек емдеу хаттамасына әлі енгізілмеген.

Өскеменнің ауа құрамын зерттейтін 5 стационарлық, 2 автоматтандырылған және 1 көшпелі зертхана бар. Осы бекеттерден қаланың ауасына қатысты ақпарат орталық зертханаға сағат сайын онлайн түсіп тұрады. Мамандар соңғы жылдары ауада кейбір улы металлдардың тым көбейіп кеткеніне алаңдаулы.

Ақпарат қолжетімді болғанымен тұрғындар үшін ең басты сауал қаладағы экологиялық жағдайдың оңалуы. Ал экология департаменті өңірдегі ірі өндірістердің жұмысын қадағалаумен ғана шектеледі.

Айыппұл салумен мәселе шешілмейтінін тәуелсіз экологтар да талайдан бері айтып келеді. Тіпті олар түрлі жобалар ұсынған. Соның бірі қаладағы қоғамдық көліктерді газға көшіру. Өскемендегі 400 мыңға жуық тұрғынның әрбір екіншісінде жеке көлік бар. Олардың 95 пайызы жанар-жағармаймен жүреді.Сондықтан желсіз күндері көліктен шыққан көк түтінге қала көміліп қалады. Ал оған жеке үйлер мен нысандар жаққан көмір түтніні қосылғанда жағдайды тіпті қиындатып жіберді.