Жыл басынан бері облыста «ALAN» саяси клубы жұмыс істейді. Онда елдегі саяси партиялардың жеті өңірлік филиалдарының өкілдері жиналып, аймақтағы өзекті мәселелер жөнінде кеңеседі. Бұл жолғы кеңесте клуб мүшелері инватакси тапшылығы мәселесін талқылады. Тақырыптың шешімі қалай болмақ?
«ALAN» саяси клубының белсенді ұстанымы азаматтардың мәселелерін құзырлы органдармен бірлесіп шешуге және талқылауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – оның шешімін табуға атсалысады, дейді клуб мүшелері. Мұндай отырыстар күрмеулі тақырыптардың жиналуына қарай өткізіліп тұрады. Кейін бірлесіп, шешуге атсалысады.
Саяси клубтың басты міндеттерінің бірі - мүмкіндігі шектеулі жандардың мүдделерін қорғау. Сондықтан отырыста инватакси тапшылығы туралы мәселе күн тәртібіне қойылды. Бүгінгі таңда облыста мұндай 11 автомобиль бар. Өскеменде үшеу ғана. Оған қоса, мамандар атап өткендей, техниканың түгел дерлік тозығы жеткен. Жаңартуды қажет етеді. Инватакси қызметі әлеуметтік порталда тіркелген мемлекеттік тапсырыс арқылы жүзеге асырылады.
Қазір өңірде мүгедектігі бар адамдарға «Өскемен-Асар» жобасының автоволонтерлары жақсы қолдау көрсетуде. Отырыстың қорытындысында саяси клуб мүшелері халықаралық тәжірибені ескеріп, көрші облыстардағы әріптестердің қызметін зерделеу туралы ұсыныс айтты. Жұдырықтай жұмылып инватакси қызметін сапалы ету – бірінші міндет.