«Қазына» әжелер тобы Солнечное кентіндегі Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына концерттік бағдарламамен барды. Мұнда жүзден астам қызмет алушы бар. Өнер ұжымы қарттар үйінің тұрғындарына ерекше мереке сыйлады. Қариялар әншілермен бірге ән шырқап, би биледі.

Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тарихы терең. Мұнда қызмет алушы әрбір азамат еңбек терапиясына белсене қатысып, өз бейімдеріне қарай музыкамен, сурет салумен айналысады. Енді бірі тоқыма, қолөнермен шұғылданады.

Қарттар үйінде спортпен айналысуға, қажетті ем алуға бар жағдай жасалған. Мұнда концерттік шараларда жиі өтіп тұрады. Бұл жолы ҚР мәдениет қайраткері Нәбиолда Кемешевтің бастауымен «Қазына» әжелер тобының мүшелері орталыққа келіп қарттарға жанды дауыста ән шырқап қайтты.

 «Қазына» әжелер тобы түрлі бағытта ән шырқайды. Шарада топтың белді мүшесі Күлсара Камалиева «Жаңа Қазақстанның парасатты тұлғасы» атты бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Мұндай игі іс әлі жалғасын табады дейді «Қазына» әжелер тобы.