Ақпанның 23-нші жұлдызы күні Зайсан ауданының шекара басқармасы 100 жылдық мерейтойын атап өтеді. Айтулы оқиғаға орай Өскеменде «Қазақстанның шығыс шекарасы: шекаралық қауіпсіздік тәжірибесі мен теориясы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Зайсандағы шекара қызметкерлері 100 жылдық мерейтойды тойлауды бастап кетті. Ел шебін қорғаушылар қызметі қиыншылығы мол саланың бірі екені белгілі. Зайсан аудандық шекара отрядынан бүгінге дейін көптеген әскери қызметшілер, жоғары лауазымдағы офицерлер шықты, деп мақтанышпен еске алды Серік Берішбаев.

Конференцияда тарихшылар, ардагерлер, шекара қызметінің өкілдері студенттерге Зайсан шекара бөлімінің даңқты ғасырлық тарихын баяндады. Бұдан бөлек, қатысушыларға Зайсан шекара бөлімінің тарихынан сыр шертетін шекарашылардың ерең еңбектері туралы деректі фильм көрсетілді. Ел тыныштығын сақтап, күндіз-түні күзетте тұрған шекарашыларды құттықтап «Застава тарландары» ардагер шекарашылар Республикалық бірлестігі төрағасының орынбасары Абай Брекешев те келді.

Шекара шебінде көз ілмей ел тыныштығын қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Өмірлерін қауіпке тіге отырып, мемлекет шекарасын қорғау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.