Өскемен маңында ауқымды «Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Апат айтып келмейді. Бірер аптада күн жылынып, қар ери бастайды. Бұл кезеңге төтеншеліктер аса сақтықпен қарайды. Сол үшін қазірден бастап дайындыққа кіріскен. Екі күннен бері құтқарушылар табиғи апатқа қарсы күреске әзірлігін пысықтауда.

Сценарий бойынша қала маңындағы елді мекеннің бірін су басады. Құтқарушылардың міндеті – тасқынға тосқауыл қою, азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру, су арналарын тазалау сияқты алдыңғы шараларды уақтылы орындау. Жауапты мамандар көктемгі қауіпті кезеңге дайын екендіктерін айтады. Жағдай қиындаса жеке құрамның 2 мыңнан аса құтқарушысы, 800-ден аса техника мен 200 мотопомпа сақадай сай.

Жиын барысында құтқарушылар жергілікті атқарушы орган өкілдерімен, ұлттықұландықтармен, тәртіп сақшыларымен, еріктілер және коммуналды қызмет мамандарымен бірлесіп, тасқынға тосқын қоюға кірісті. Ең бастысы адамдарға зиян келтірмеу мақсатында халықты эвакуациялады. Сценарий бойынша Бобровка ауылы жағынан аққан өзен-сулардың арналары бітелген. Салдарынан су жағадан шығып жайылады. Аққан су Фигурная көшесімен бойлап, тұрғындардың үйлерін басты. Төтеншеліктер адамдарды арнайы техника көмегімен уақытша орналастыру пунктіне жеткізді. Ал, коммуналды қызмет мамандары арықтарды нығайтып, үйлер айналасына бөгет жасады.

Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен психологтар зардап шеккен халыққа көмек көрсетті. Эвакуацияланғандарды орналастырып, ыстық тамақ берді.

Өз кезегінде республикалық штаб оқу-жаттығудағы іс-қимылдарды басқарып, бірізді болуын бақылады.