Шығыс Қазақстан сұлу табиғатымен ғана емес, мәдени, этношараларымен де туристерді қызықтырып келеді. Саяхатшылар мен қонақтардың көксегені де сол, халықтың ұлттық ерекшелігі мен өнерін көру. Әсіресе, Ұлан жерінде үзбей өткізіліп келе жатқан саятшылар сайысына келушілердің әбден аңсары ауған. Көкте аспан тағысы, жерде түз тағысы тартысса, кімді де болса қызықтырары анық. Өткен жылы ғана Бозанбайда халықаралық «Салбурын» өткен еді. Енді республикалық құсбегілер сайысы өтіп отыр.
Үш күнге созылған саятшылар сынында 70-тен аса бүркіттің, 40-тан аса сұңқар мен тазының бабы байқалды. Құсбегілік бойынша өткізілген XVII республикалық чемпионат елдің әр аймағының мықты саятшыларының басын қосты. Соңғы жылдары облыста саятшылық өнер қарқынды дамып келеді. Тіпті, аймақ басшылығы Бозанбайда арнайы бүркітшілер орталығын ашуды жоспарға алған. Чемпионат өткен күндері ауа-райы көрерменге қолайсыздық танытқаны бар. Бірақ, бабы келіскен бүркітке кедергі емес. Қыранды қолға қондырған қазақ Тәттімбек Кәпұлының айтуынша, қарлы боран, ызғар жел көк тағысының аңшылықтағы айнымас «серігі».
Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Аспанда құс патшасы бүркіттің кереге қанаттары ғана емес, сұңқар мен ителгі де парлады. Сайысқа түскендер арасында жасы мен жасамысы, тіпті бойжеткенді де байқайсыз. Әккі саятшыларды да көруге болады.
Сайыстың соңғы күні сұңқар мен ителгіні салды. Тазылардың да мықтылығы байқалды. Ал, бүркітшілер үшін ақтық сын – қыранды түлкіге салды. Жарыстың төрешісі – «Құсбегілік» республикалық федерациясы.
Үш күндік жарыстың қорытындысы бойынша биылғы ел чемпионы атыраулық Сармат Әбдікәрімовтың бүркіті атанды. Екінші орын алматылық Сайтжан Аянның қыранына бұйырды. Үшінші орынды павлодарлық Алан Ысқақовтың бүркіті алды. Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері ел құрамасының сапын толықтырады. Ары қарай күзде астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынында өнер көрсетеді.