Тақырыпты жалғастырамыз. Ауған ардагерлерінің мерейтойлық шарасы «Ертіс Концертте» жалғасын тапты. Дәстүрге айналған шара ерлігі ерек ерлердің еңсесін тіктеді.
Ауған соғысы он жылға созылды. Мақсатсыз майдан талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адамды қыршынынан қиды. Олардың жасаған ерлігі бұл күні аңыздай айтылып жүр. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстанда 500-ге жуық ауған ардагері бар. Мереке қарасыңында бір кездері көкірегін оққа тосқан батырлар бүгінгі бейбіт күнде кеуделеріне медаль тақты. Солардың қатарында – Қинаят Бейсекенов те бар. Аға буынның ендігі көздегені, өскелең ұрпақтың ержүрек, батыл азамат болып өсуіне үлес қосу.
Шара әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Жас өрен аға буын алдында өнер көрсетті. Ән айтты, өлең оқыды. Ал, соғыс ардагерлері болса өрелі әңгіме өрбітті. Салтанатты жиынды өнегелі өсиетпен өрнектеді.
Жиынның негізгі мақсаты ерен ерлердің ерліктерін ел жадында қалдыру. Өскелең ұрпаққа бейбітшілікпен, тыныштықтың қадірін ұғындыру.
Ардагерлерге деген ілтипат әр кез назардан тыс қалмақ емес. Майдангерлердің ерлігі қашанда ел есінде.