Мектептерде ұялы телефон ұстауға шектеу қою туралы сұрақты мәжіліс депутаттары бірнеше рет көтерген болатын. Ұстаздар қауымының бір парасы мұндай өзгеріске оң қабақ танытса, енді бірі қарсы. Дегенмен, заманның талабына айналған ұялы телефонды пайдаланбайтын адам жоқ. Алайда смартфонның бала денсаулығына кері әсер ететіні де жасырын емес. Әріптесім Қарақат Жақсылыққызы ұялы телефонның адам денсаулығына тигізетін пайдасы мен зиянын зерттеп көрді.

Цифрлы технология дамыған заманда ұялы телефоннан бас тарту мүмкін емес. Себебі, алысты жақындатып, білмегенінді айтып, түсіндіріп беретін құралдың пайдасы көп. Дегенмен, мөлшерімен пайдаланбаса смартфонның адам денсаулығына тигізер зияны да жетерлік дейді психологтар.

Ұялы телефонды көп пайдаланатын балалардың есте сақтау қабілеті нашарлайды. Танымдық қабілеті төмендейді. Балғындардың көбі ашушаң келеді. Ал смартфонды ұзақ уақыт қолданатын балалардың жүйкесі жұқарып, депрессияға түсуі жиілейтін көрінеді. Бірақ, ұялы телефонды мүлде пайдаланбау мүмкін емес. Себебі, бұл заман талабы. Тіпті мектеп оқушылары бұл құрылғысыз тапсырмаларын орындай алмайды. Кей жағдайда ауа-райының құбылмалы болуына байланысты сабақтары қашықтықтан оқуға жиі ауысып жататыны да белгілі.

Әсия Рүстемқызы 6-да. Бірінші сыныпта оқиды. Ол кітап оқуға әуес дейді анасы. Балаларына көбінесе миды дамытуға арналған кітаптар мен тілге жеңіл ертегілерді алып беруге тырысатындығын айтады.

Айта кеткен жөн, министрлік телефонды мектепке әкелуге үзілді-кесілді тыйым салып отырған жоқ. Дегенмен, сабақ үстінде телефон ұстауына қарсы. Себебі, «телефон сабақ оқып отырған баланың ойын бөледі»,- дейді.