14 жеңімпазға 14 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант. Жастарды қолдау мақсатында жүзеге асқан «ZHAS PROJECT» жобасы бүгінгі күнге дейін талайдың кәсіп ашып, ісін дөңгелетуіне себепші болды. «Тамшы бұлақ» қоғамдық қорының бастамасымен облыстық Азаматтық Альянсының қолдауымен өңірдегі 18-35 жас аралығындағы жастар еңбекке араласты. Өзін және өзгені жұмыспен қамтыды. Өткен жылы 14 жоба мақұлданып, аудан, қала жастары игі бастаманың игілігін көрді. Әсіресе, зайсандықтар белсенділік танытқан. Олардың қатарында шашатараз, сұлулық салоны, тігін цехын ашқандар бар. Сондай-ақ, көпбалалы аналар да қалыс қалмаған.
Ұлжан Әлімханқызы – дәрігер невропатолог, дефектолог-логопед. Өткен жылы бағын сынап, жобаға қатысқан. Оның жобасы үздіктер қатарына ілініп, 1 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз гран иегері атанды. Бүгінде өз ісін ашып, дамытуда. Негізгі мақсаты - сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға көмек көрсету.
Биыл да жоба талаптары өзгеріссіз. Атап айтсақ, өтініш беруші ҚР азаматы болуы керек. Өтінім берілген сәтте тұрақты немесе уақытша тіркеуі және жұмыссыз болуы тиіс. Сондай-ақ, жастардың осал топтарынан өтінім берушілерге ерекше басымдық беріледі.
Ұйымдастырушылар түсіндіру жұмыстарына қатысты өткен жылы Өскемен, Зайсан, Шемонаиха қалаларының жастар ресурстық орталықтары жақсы жұмыс жасағандықтарын атап өтті. Биыл да барлық орталық мамандары осы бағытта жұмыс атқаратындықтарына сенімді.
Айта кету керек, қатысушы бір ғана жоба ұсынады. Коммерциялық қызметтерге басымдық берілмейді. Дінге, қоршаған ортаға теріс әсер ету, жер учаскесін сатып алу немесе жалға алуға қатысты жобалар қарастырылмайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылар әлеуметтік мәселені шешуге негізделген жобаларға басымдық бергені абзал.