Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу қажет. Облыс орталығында аталған мәселе төңірегінде дөңгелек үстел өтті. Шараға қатысушылар өңірде құқық бұзушылықтың артуына себеп болған жайттарды талқылады. Уәкілетті органдар түйіткілдің түйінін тарқату үшін қандай шараларды қолға алмақ? 

Кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмыстық әрекеттердің артуына отбасындағы жанжал себеп,дейді мамандар.Мәселен, өткен жылы өңірде ата-ана құқығынан айыру туралы 91 шешім шығарылған. 16 отбасында ата-ана құқығы шектелген. Мұндай шешім жанұяда балалардың қараусыз қалуынан шығарылған.

Мәселені шешу үшін цифрлы платформа әзірлеу қажет. Сол арқылы әр отбасының әлеуметтік жағдайы, оларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы ақпарат жиналады. Бұл платформа мемлекеттік органдармен үйлесімде болуы да шарт. Дөңгелек үстелге жиналғандар осындай шешімге келіп отыр.

Сандық жүйеге балаларға арналған тегін қызмет түрлерінде енгізу қажет. Бұл жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға жол ашады. Себебі, жасөспірімдерді пайдалы іспен қамту деңгейі неғұрлым жоғары болса, құқық бұзушылық деңгейі де соғұрлым төмен болады, - дейді мамандар.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою үшін мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеуі қажет.