Мемлекет басшысы елде инклюзивті, әділ қоғам құрып, әлеуметтік теңсіздікті жою қажеттігін айтқан болатын. Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылға дейін инклюзивті саясаттың тұжырымдамасын әзірлеп, бекітуді тапсырды. Тұжырымдаманың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту. Президент пәрменін іске асыру мақсатында облыста ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды спорт арқылы әлеуметтік оңалту ісі қолға алынды. Бұл қоғамдық өмірге тез араласуға септігін тигізеді.
Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубы бар. Мұнда спортпен шұғылданатын ерекше жандар көп. Олардың қатарында, Мысырдағы халықаралық турнирде қола жүлдегер атанған Ардақ Нұрмағамбетов бар. Ол осыдан 18 жыл бұрын ауыр жарақат алған. Соған қарамастан еш мойымай, отбасы мен клубтың қолдауының арқасында бірнеше марапатқа ие болған.
Облыс бойынша пара үстел теннисімен барлығы 5 адам кәсіби түрде айналысады. Өткен жылы Азия Пара ойындарында Қазақстандық теннисшілер төрт алтын және бір күміс жеңіп алды. Олардың барлығы Қазақстан құрамасының мүшелері.
Спорт клубында 208 азамат спорттың 14 түрімен айналысады. Онда көру, есту қабілеті, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар бар. Облыстың жеті ауданында жаттықтырушылар жұмыс істейді. Үйірмеге ересектер де, балалар да қатыса алады.
Аймақта 27 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олар үшін әртүрлі үйірмелер мен қатар, жұмысқа орналастыру және «кедергісіз орта» құру бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде.