Өскеменде жастар арасында көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасы Чемпионатының ашылу салтанатты өтті. Чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен жастар келді. Шараның басты демеушісі «Казцинк» компаниясы.
Ұзақ жылғы үзілістен кейін қайта ұйымдастырылып отырған чемпионатқа 11 өңірден 250-ден аса жас споршы келді. Олар жеке орындау мен топтық орындауда өз өнерлерін ортаға салып, көркем гимнастикадан шеберліктерін көрсетті. Інжу Бақыт шараға қатысушылардың бірі. Алматы қаласынан келген жас споршы мен оның командасы үшін бүгін қобалжуға толы күн болды. Алайда тыңғылықты дайындық пен қыздардың өздеріне деген сенімділігі жоғары деңгейде өнер көрсетуге септігін тигізді.
Жас спортшылар бүгін әртүрлі түстермен үйлесім тапқан ерекше костюмдері мен дайындаған нөмірлерін жоғары деңгейде орындап, жиналғандар мен төрешілердің көңілінен шыға білді. Қонақтар ұйымдастыру барысына жоғары баға берді. Осындай таланттардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін шараның өтуіне «Казцинк» компаниясы қолдау көрсетіп, демеушілік жасады.
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда бір жарым мың бала көркем гимнастикамен шұғылданады. Олардың басым көпшілігі Ұлттық команда құрамында өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорт түрінің даму деңгейі жоғары.
Айта кету керек, соңғы рет дәл осындай шара облыс орталығында алты жыл бұрын ұйымдастырылған.
Жарыс 23 ақпанға дейін облыс орталығында жалғасады.