Дәстүр жаңғырып, ұлттық спорт дамып келеді. Өңірде тағы бір садақ ату орталығы ашылды. Енді риддерліктер қалаған уақытында садақ тартып, мергендігін шыңдай алады.

Кәсіп иесі Азат Баяндин өз қаражатына керек-жарағын алып, ғимарат жалдаған. Басты мақсаты – ұлттық спортты туған жерінде дәріптеу. Орталыққа келушілердің қатары ашылған күннен бастап толастаған емес. Азат Баяндин алдағы уақытта риддерлік үздік мергендерді облыстық, республикалық жарыстарға қатыстыруды да жоспарға қойып отыр.

Орталықтың жетекшісі жазғы уақытта далада садақ ататын орындар болатынын айтады. Ұлттық спортты ұлықтаған жан сұраныс артса ғимарат ішін кеңейтіп, қосымша ату жолақтарын да орнатуды көздеп отыр. Риддерліктер шаһарда бұрын-соңды болмаған орталықта садақ тартып қана қоймай, қымыз ішіп демалып қайтады.

Облыста садақ ату үйірмесі алғаш рет Глубокое ауданында жұмысын бастаған. Кейіннен жеке орталық ретінде Өскеменде ашылды. Енді міне Риддер қаласында да ата дәстүр ұлттық спорт ретінде жаңғырып келеді.