Ауа райы тосын мінез танытқан уақытта Өскемендегі Аблакетка шағын ауданының тұрғындары әбігерге түсті.Себебі, бастаудан аққан су үйлерге дейін жеткен. Салдарынан аула маңы мұз айдынына айналды. Мұндағы азаматтар күн жылынса, су тасқыны бола ма, деп қауіптеніп отыр. Өңірде су тасқынын алдын алу шаралары жүріп жатқанын ескерсек, мамандар қауіптің бетін қайтаруға барын салып жатыр.

Аблакетка шағын ауданындағы Ватутин көшесінің тұрғындары

апта бойы сумен алысып әлек. Өзеннен аққан су жер-көкке жайылған. Жақын маңдағы аялдамаға жетудің өзі мұң дейді тұрғындар. Азаматтар тарапынан түскен шағымнан соң, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жағдайды ретке келтіруге кіріскен.

Қалалық әкімдіктің төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Александр Карповтың айтуынша Ватутин көшесіндегі арықтарда мұздың қатуы жайлы хабар өткен жылдың желтоқсан айында түскен. Сол уақыттан бастап мамандар мұнда алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Мамандар шағын аудандағы қазіргі жағдай тұрақты екенін айтады. Алдағы уақытта мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Құбыр алмастырылып, арықтар кеңейтіледі. Бастау мәселесі де таяу арада шешімін табады, дейді жергілікті әкімдік өкілдері.