Азаматтардың әл-ауқатын көтеру, қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында елде нақты қадамдар жасалып, жүйелі жұмыс қолға алынды. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттыру өте маңызды деп атап өтті. «Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет» деген еді. Бүгінгі таңда берілген тапсырма негізінде елдің әр аймағында ауқымды жұмыс жүргізілуде.
Нарық билеген заманда адамдардың қаржылық сауаттылығын арттырып, тапқан нәпәқасын барынша мақсатты жұмсалуына бағыт беруге негізделген мұндай курстардың берері мол. Ең бастысы тегін. Келемін, үйренемін, оқимын деушілерге есік ашық. Ақпаннан бастап алғашқы қатысушыларына ақшаны дұрыс жұмсауды, жинауды, үнемдеуді үйреткен менторлар көптің көкейіне қонымды ақпарат берді. Әркім өзіне керегін түртіп алды. Мәселен, Панаргүл Болатқайқызы көпбалалы ана. Қаржылық сауаттылығын арттырған ол болашақта өз жеке ісін ашуды мақсат етіп отыр.
Курсқа келушілерге арнайы Астанадан білім алып келген 5 ментор екі тілде сабақ өткізеді. Сабақ еркін форматта жүргізіледі.
«Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушылардың әрқайсысында жіпке тізіп айтар мәселе көп. Бірі жеке мүлікке қатысты базынасын айтса, енді бірі несиеге қатысты сан сұрақты жаудыртады. Сонымен қатар өз ұсыныстарын да жеткізуге мүмкіндіктері бар.
Жобаға қатысуға ниетті кез келген азамат Qogamfin.kz сайты арқылы өтініш білдіруге немесе тұрғылықты жері бойынша партия филиалдарына және ауылдық округ әкімдігіне барып жазылуларына болады.