Қазақстан – су тапшылығы бар ел. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыз суды пайдалану мәдениетін енгізу қажеттігі туралы мәлімдегеннен кейін су ресурстарын үнемдеу мәселесі үкіметтік деңгейде көтерілді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды ауыз суды үнемді пайдаланып, автокөліктерді жууға жұмсамауға шақырды. Бүгінде аймақтағы белсенділер аталған мәселені шешудің тетіктерін әзірлеуде.

Қоғам қайраткерлері, бизнес және сумен жабдықтау кәсіпорнының өкілдері ауыз суды техникалық мақсатта пайдаланудың мәселесін талқылады. Елімізде бұл мәселе бірнеше рет жоғары деңгейде көтеріліп келеді. Мәселен, Өскеменнің көлік жуу кешендері ауыз суды техникалық мақсатта пайдаланады. Кейін құнды ресурс кәріз жүйесіне ағызылады. Бұл мониторингтік топ жүргізген рейд барысында анықталды. Коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, олар ауыз суды пайдалану мақсаттарының аражігін ажырата алмайды. Су жалпы қордан беріледі. Тәулік сайын су көздерінен судың нақты көтерілуі тәулігіне 110 мың текше метрді құрайды. Бұдан басқа, барлық заңды тұлғалардың, соның ішінде автомобиль жуу орындарының да суды есептеу аспабы бар. Төлемді нақты тұтынумен жүргізеді.

Қалада 10 су тарту құрылыстары бар. Мамандардың айтуынша, соңғы 10 жылда тұтынылатын судың көлемі төмендеген. Мұның барлығы халықтың 75%-да есептеу құралдарының бар болғандығында. Есептегіш құралдар ресурстарды айтарлықтай үнемдеуге көмектеседі. Ал шектеулер немесе қосымша сүзгілер қызметтердің құнын көтереді. Көлік жуу орындарының иелерінің айтуынша, суды қайта пайдалану үшін қымбат тұратын тазарту қондырғысын орнату керек, дегенмен ол әжептәуір шығынға әкеледі. Нәтижесінде көп кәсіпкердің бизнесі құлдырайды.

Өз кезегінде «ALAN» саяси клуб мүшелері бизнестің мүддесін ескере отырып, суды қайта пайдалануға шақырады. Елде көлік жуу нысандары мен басқа да орындарда суды қайта пайдалану үшін тазарту құрылғыларын міндетті түрде орнату мәселесі қаралуда.