Бірінші наурызда Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні де атап өтіледі. Осыған орай облыстық ТЖД құтқарушылары оқушылар арасында сурет байқауын өткізді. Байқаудың басты мақсаты – төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік ережелерін түсіну және есте сақтау үшін балаларды шығармашылық жұмысқа тарту. Сайысқа қатысушылар суретті әдеттегі А4 парағына емес, қарға немесе мұз бетіне салады.

Бұл жарыс балалар үшін қызықты өтті. Олар өздерінің салған суреттерін бейнетаспалап, нәтижелерін құтқарушыларға жіберді. Ал, қазылар алқасы жақсы шыққан туындыларға оң бағасын берді. Мамандар суреттің безендірілуі мен тақырыптың қаншалықты ашылғанына баса мән берген.

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Тарбағатай ауданы Ғ. Мүсірепов атындағы мектептің оқушысы Еркенұр Ахметжан иеленсе, екінші орынға Өскемен қаласының №20 мектебінің оқушысы Жанерке Орынбасарова лайық деп саналды. Ал кезекті үшінші орын Катонқарағай ауданының Берел орта мектебінің оқушысы Мошан Есхатұлына бұйырды. Байқау қорытындысы бойынша құтқарушылар жеңімпаздарды грамоталармен марапаттады.