Жақсы үлгерім көрсетіп, білімде қатарының алды болған студенттер енді мемлекеттік қызметке байқауға қатыспай орналаса алады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті мамандары айтты. Қазіргі уақытта жауапты салаға келемін деген жастар мемлекеттік басқару академиясы филиалы базасында қайта даярлаудан өтіп, өздерінің кәсібилігін арттырып жүр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке орналасу тетіктерін жеңілдетуді өз жолдауында айтқан еді. Осыған байланысты былтыр Мемлекеттік қызмет туралы Заңға өзгерістер мен түзетулер енгізілген болатын.

Мемлекеттік қызметте жастардың білікті маман ретінде аяқ басуы басты назарда болуы тиіс. Өйткені, жастар басты стратегиялық ресурс саналады. Оқуда озат көрініп, мемлекеттік қызметке байқаудан тыс қабылданғандардың бірі – Айғаным Әлімбекова. Бүгінде ол басқа мемлекеттік қызметшілермен бірге ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалында қайта даярлаудан өтіп, кәсіби тұрғыда өсуде.

Қайта даярлау бағдарламасы 120 сағаттық курсқа шақталған. Бұл жерде жас мамандар мемлекеттік қызметтегі кәсібилігін арттырады.

Екі жылдың ішінде Мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалында біліктілігін арттырған 11 студент мемлекеттік қызметке алынған. Алдағы уақытта жас мамандар саны тағы да өспек.