«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс тіршілігіне, қиын-қыстау күндеріне куә болған домбырадан артық халықтың күйін шертіп, мұңын айтар не бар? Ал домбыраның киесі туралы оны жасаған адамнан артық ешкім біле қоймас. Ұлан ауданының тұрғыны Жанарбек Қазезұлы екіжақты домбыра жасаған тұңғыш шығысқазақстандық шебер. Қу ағашқа тіл бітірген шебердің қолынан шыққан домбыралар республика көлемінде сұранысқа ие. Ол бүгінге дейін ұлтық аспаптың 1000-нан аса данасын жасаған. Жастайынан осы бір өнерге жаны құмартқан шебер жайлы Гүлдана Айдарқызы тарқатсын.
Атадан ағашшылықты, әкеден күйшілікті бойына дарыта білген ол бүгін де ата кәсіпке шындап кіріскен. Көпке таңсық аспаптың үні де құлақ құрышын қандырады. Қымбат әрі қатты ағаштарды жонып оны қалыпқа келтіріп, үні мен сазы күмбірлеген аспап шығару әркімнің қолынан келе бермейтін қасиет. Атажұртқа Алтайдан келген Жанарбек Қазезұлы – қазақ қолөнерінің майталманы, жанашыры, дәстүрлі аспап жасаудың шебері. Ағаштан ұлттық аспап жасайтын ұста 13 жылдан бері Ұланда тұрады. Осы аралықта талай күйші мен әншінің қолында жүрген қара домбыраның авторы атанған.
Кейіпкеріміздің аспаптарға ою салу тәсілі де өзгеше. Тіпті өзге шеберлердің әдістемесінде жоқ десе де болады. Аспаптың бетіне ою-өрнектерді малдың сүйегінен салады. Шебер домбыра жасаудан тыс бесік, төсек, үстел орындықтарды да жасайды. Қолынан шыққан әр туындының сәтті шығуына сүбелі үлес қосып жүрген жары Әмина Құсманхан. Жұбайы домбыра жасап шығарса, жары оны безендіріп, тап-тұйнақтай етеді.