Аймақта ғылым саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам жасалды. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өңірдің ғылым жөніндегі өңірлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Шараны облыс әкімдігі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Жиында ғылым мен инновация саласындағы реформалар, қолданбалы ғылымды дамыту және ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу жолдары кеңінен талқыланды. Шарада кеңес мүшелері бекітіліп, алдағы жұмыс жоспары да белгіленді.

Жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ғылым комитетінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындарының басшылары қатысты. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірлік кеңестің ғылым, бизнес және мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

Ал, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз сөзінде қазақстандық университеттердің шетелдік әріптестермен бірлескен ғылыми жобаларын мысалға келтірді. Сондай-ақ, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Қытай серіктестерімен жүзеге асырып жатқан «Лу Бан шеберханасы» жобасының нәтижелеріне тоқталды.

Шығыс Қазақстан облысы машина жасау, металлургия, энергетика және агроөнеркәсіптік кешен салаларында қуатты өндірістік базаға ие. Бұл өңірде стратегиялық маңызы бар кәсіпорындар, соның ішінде Үлбі металлургиялық зауыты мен Титан-магний комбинаты жұмыс істейді. Осындай әлеует ғылыми зерттеулер мен инновациялық шешімдерге сұранысты арттырып отыр.

Шара аясында «Қорғаныш және функционалды жабындар» ғылыми орталығы ашылды. Орталықта жастар металл өңдеудің заманауи әдістеріне негізделген зерттеулермен айналыспақ.

Өңірлік ғылыми кеңес қолданбалы ғылымды дамытуда және өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.