Өңірде облыстық Полиция департаменті мен прокуратура бірлесіп рейд жүргізіп жатыр. 19 сәуірде басталған жедел профилактикалық шара бір ай көлемінде жалғасады. Шараның мақсаты – өңірде жол-көлік оқиғаларының санын азайту.
Шығыста жол көлік оқиғалары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа өту, жауапсыздық, жаяу жүргіншіге жол бермеу - жантүршігерлік жол апаттарының басты себептері.
Тұрғындардың айтуынша қара жол бойындағы қасіреттің себебі көп. Өкініштісі көбі тек апаттан кейін ағат қылығын түсініп, бармақ тістейді. Бағдаршамда бір-бірін басып озу бәсекеге айналып барады, дейді тұрғындар.
Елде жол апатының күрт артуына алаңдаушылық білдірген облыстық прокуратура өкілдері тұрғындарды ортақ жауапкершілікке шақырды. Себебі, өңірдегі жол-көлік оқиғаларының деңгейі төмендемей тұр.
Облыстық прокуратура мен полиция департаменті 19 сәуір мен 19 мамыр аралығында республикалық «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық шарасын өткізуді қолға алды. Шара барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқара отырып тексеріс және түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Темір тұлпар тізгіндегендердің тәртібін тү-зеткен шараның арқасында өңірдегі жол қозғалысы біршама реттелген.
Жол ережесін сақтау - әрбір адамның өз өміріне деген жауапкершілігі һәм кепілі. Ал қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылған профилактикалық шаралар жол апатын сейілтуге сеп болуда. Жылдамдықпен ойнайтын жүргізушілердің желігі басылып, әр адам өзіне жауапкершілік алғанда апат саны азаяры анық, дейді құқық қорғау органдарының өкілдері.