Биыл орман алқаптарын өрттен қорғау үшін 26 бірлік ұшқышсыз ұшу аппарат сатып алуға 230 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында орман шаруашылығы мамандары мәлімдеді. Дала өртінің алдын алу үшін тағы қандай шаралар қолға алынбақ? Әріптесім тарқатсын.

Облыстың мемлекеттік орман иеленушілерінің өрт қауіпті кезеңге дайындық деңгейі орташадан төмен деп бағаланды. Жыл басынан бері мемлекеттік орман қорында 4 өрт тіркеліп, 179 гектардан астам аумақ жанып кеткен. Дегенмен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен, дейді мамандар.

Өңірде 48 өрт сөндіру бекеті бар. Олар 82 мыңнан астам тұрғыны бар 141 елді мекенді қамтып отыр. Алайда бұл бекеттердің тек 15-і ғана жыл бойы тұрақты жұмыс істейді. Қалған 33-і маусымдық, 11 бекет қаржыландыру мен техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігіне байланысты толыққанды қызмет көрсете алмай отыр.

Мәселені күрделендіретін тағы бір жайт – өрт сөндіру бекеттеріндегі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі. Көптеген бекеттерде техника сақтайтын жылы орындар, өртке қарсы құралдар мен байланыс жүйелері жоқ. Жарамсыз техникалар төтенше жағдайда әрекет етуге кедергі келтіруде. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қосымша өрт сөндіру бекеттері үшін арнайы орын анықтауды және оларды қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе, ашық дала алқаптарындағы қауіпке ерекше назар аударылуы тиіс екенін айтты.