Аймаққа ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келді. Ол Алтай ауданындағы су басу қаупі жоғары учаскелерді аралапды. Өртке қарсы дайындық барысын да тексерді.

Әуелі ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай қаласындағы Вторушка өзеніндегі гидротехникалық құрылысты бақылады. Бұдан кейін, сорғы станциясын тексерді. Бұл нысан маңайдағы тұрғын үйлерді су басудан қорғайды. Кейін вице-премьер Зубовск кентіндегі жағалауды нығайту дамбасының жай – күйімен танысып, негізгі нысандардың бірі жыл сайын су басу қаупі туындайтын Малеевск ауылындағы гидробекеттің жағдайын қадағалап қайтты. Мұнда Бұқтырма өзенінің жағасын бекітуге арналған бөгет салынған.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары атап өткендей, барған барлық нысандарда су тасқынына және гидрологиялық жағдайға бақылау жүргізілуде. Жағдай тұрақты. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысында 2 қала мен 11 ауданда 72 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталған. Жүргізілген су тасқынына қарсы шаралардың арқасында 15 елді мекенде тасқын болу қаупі толық жойылды. Ал қырық тоғызында қауіп барынша азайтылды. Қазір 132 су шаруашылығы нысаны қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қажетті техника мен жеке құрам толығымен дайын.

Бұдан бөлек, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Өскемен қаласындағы жылу электр орталықтарын аралады. Бірінші кезекте «Согра ЖЭО» ЖШС-не ат басын бұрды. Бұл нысан Жаңа Согра, Радужный және Солнечный кенттерінің тұрғындарын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Биыл компания Энергетика министрлігімен инвестициялық келісімге өтінім беріп, орталықты кеңейту және модернизация жүргізуді жоспарлап отыр.

Бұдан кейін вице-премьер «Өскемен ЖЭО» барды. Өскемен жылу электр орталығы - тұтас өңірді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған негізгі кәсіпорын. Сапар барысында Қанат Алдабергенұлы мекеменің құрылымдық ерекшеліктері, өндірістік технологиялық үдерістерімен танысты. Сала мамандары өткен жылыту маусымының қорытындысы мен алдағы жоспарлары туралы ақпарат берді.

Жаңғырту және құрылыс жұмыстарына барлығы 17,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция бағытталмақ. Оның ішінде 7,5 миллиард теңге - Энергетика министрлігі бекіткен «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында бөлінбек.

Мұнан соң, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов жиын өткізді. Онда сала мамандары өңірдің су тасқыны қаупі мен өрт қауіпсіздігі жағдайлары туралы есеп берді. Қазіргі уақытта облыста су тасқыны қаупі сейіліп, күннің күрт жылынуына байланысты өрт қаупі күшейіп отыр. Бұл туралы облыстық ТЖД басшысы Рашид Блялов айтты.

Қанат Алдабергенұлы ТЖД техникаларының тозу деңгейі туралы сұрақ қойды. Департамент басшысы техникалардың 78%-ы тозғанын, жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен 80 бірлік техника жаңартылғанын мәлімдеді. Тілсіз жаудың ең қауіпті түрі – орман өрті. Бұл бағыттағы дайындық жұмыстарын ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров таныстырды. Жиын соңында Қанат Бозымбаев өрт қаупінің жоғары екенін ескертіп, дайындық жұмыстарын күшейту туралы тапсырмалар берді.