Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған инновациялық «AI-Sanа» бағдарламасын іске асыруда. Қазіргі таңда Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде нейрожүйелер оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Студенттер мен оқытушылар өңірге қажетті жобалармен жұмыс істеп жатыр.
«AI-Sana» бағдарламасы білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді интеграциялауды қамтиды. Бұл жасанды интеллект саласында негізгі білім мен дағдыларды қалыптастыруға бағытталған. Ал, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті елімізде бағдарламаны жүзеге асырып отырған 28 жоғары оқу орнының бірі.
«AI-Sana» инновациялық жобасы мыңдаған студентті қамтуды көздейді. Оларға әртүрлі саладағы жасанды интеллекттің стандарттары мен технологияларын үйретеді.
Ал, Мұхамед Төлегенов жасап шығарған сандық бейнебақылау жүйесі бүгінде өңірдегі ірі зауыттардың бірқатарында енгізілген. Бағдарлама өндірістік үдерістерді нақты әрі тиімді бақылауға мүмкіндік береді.
Физика-математика ғылымдарының кандидаты Наталья Денисова жасанды интеллектіні пайдалана отырып табиғи қауіптерді болжаумен айналысады.
Мамандардың айтуынша, «AI-Sana» бұл тек білім беру бастамасы ғана емес, цифрлық экономика үшін кадрлар даярлауға бағытталған жүйелі әдіс. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нейрожүйелердің мүмкіндіктері Астанадағы халықаралық жасанды интеллект орталығында зерттелетін болады. Алдағы 5 жылда заманауи технологияларды бір миллионнан астам қазақстандық меңгеріп, оған барлық қажетті жағдайлар жасалады.