Өскемендегі жас дарындарға арналған жаңа мүмкіндік. Белгілі өнер қайраткері Қыдырәлі Болмановтың жетекшілігімен облыс орталығында «Қарақат» мектеп-студиясы ашылды. Өнер ордасында 4 жастан 17 жасқа дейінгі талантты балалар білікті мамандардан дәріс алады.
Бұлақ көрсең - көзін аш. Қазақ даналығын ту еткен су жаңа мектеп студиясының да басты бағыты осы. Өнерді сүйген өрендердің қабілетін ашып, шығармашылығын шыңдау. Ел намысын халықаралық байқауларда қорғайтын дарындыларды дайындау.
Еліміздің түкпір-түкпірінде «Қарақат» мектеп-студиясы табысты жұмыс істеуде. Сол қатарды өскеменде жұмысын бастаған жаңа өнер ордасы толықтырды. Қазірдің өзінде бірнеше шәкірт музыкалық бағытта білім алуда.
Заманауи үлгіде бой көтерген сәулетті ғимаратта балалардың алаңсыз білім алып, шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Сәтін салса, ұлттық өнерді ұлықтаған күміс көмей, жезтаңдай жас өнерпаздар дәл осы шаңырақтан түлеп ұшпақ.
Ата-аналар да дән риза. Білікті мамандардан тәлім алған балаларының өнерге ынтасы артып, үлкен шабытпен қатысып жүргенін айтады.
«Қарақат» мектеп-студиясы - тек музыкалық бағыттағы оқу орны ғана емес, ұлттық тәрбиенің қайнар бұлағы. Мұнда жас өрендер жеті атасын жаттаудан бастап, ата-баба дәстүрін бойына сіңіреді. Алдағы уақытта шәкірттер түрлі байқаулар мен өнер сайыстарына қатысып, Өскеменнің намысын қорғайтын болады.