Өскеменде 2008–2011 жылы дүниеге келген қыздар арасында волейболдан облыстық ашық турнир өтті. Ойын талантты спортшы, Зайсан ауданы әйелдер командасының капитаны болған Жұлдыз Әбішеваның құрметіне арналды.

Жарысқа облыстың аудандарынан 8 команда және республиканың басқа аймақтарынан 4 құрама қатысты. Өскеменге алғаш келген Жетісулық қыздар бұған дейін республикалық сайыстарда күміс жүлдені еншілеп жүрген мықты команданың бірі.

Үздік ойын көрсеткен командалар 1–10 мамыр аралығында Тараз қаласында өтетін жарысқа қатысуға мүмкіндік алады.

Спортшыны еске алуға арналған воллейболдан ашық турнир қатарынан 20-шы жылы өтіп отыр. Жартылай финалдық ойын өте тартысты өтті, деп баға берді ұйымдастырушылар.

Жарыс қорытындысы бойынша зайсандық қыздар топ жарды. Аудандық команда бірінші, қала құрамасы екінші орынды қанжығаларына байлады. Ал үшінші орын Жетісу облысының аруларына бұйырды.