Облыс орталығында тұңғыш рет шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогы үшін турнир өтті. Мұз айдынындағы сынға елдің түпкір-түпкірінен ең мықты деп танылған 8 команда келді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасында жасақталған құрамалар бас жүлдені сарапқа салды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков қатысып, алғашқы шайбаны ойынға қосты.
Турнир Өскемендегі Борис Александров атындағы спорт сарайында өтті. Тәртіп сақшылары үшін осындай сайыстың ұйымдастырылуы тосын сый болған. Дегенмен, құқық қорғау органы қызметкерлері арасында шайбалы хоккеймен айналысқан азаматтар да бар көрінеді.
Жарысқа командалар тыңғылықты дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр, Шығысқа алғаш келген құрама мүшелері ыстық ықыласпен күтіп алған өскемендіктерге алғыстарын білдірді.
Ал облыстық полиция департаментінің «Титан» құрамасы бұл сынға тыңғылықты дайындалған.
Аталмыш турнирді болашақта дәстүрлі түрде ұйымдастыру көзделген. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейде өткізу жоспарымызда бар дейді ұйымдастырушылар.