Облыс орталығындағы Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғындары биыл Наурыз мейрамын алғаш рет кең көлемде атап өтті. Шараны Өскемен қаласы әкімдігінің аумақтық басқару орталығының №6 филиалы мен аталған көшенің белсенді тұрғындары ұйымдастырды.
Мерекеде киіз үйлер тігіп, ұлттық ойын өткізу ерлердің міндеті болса, қазан асып, тамақ пісіру қыз-келіншектерге жүктелді. Береке-бірлігі жарасқан көше тұрғындарының бұл жолғы дайындығы ерекше. Нәтижесінде, өнерлі балалар мен жастардың ән-күйі және әжелерден құралған ансамбль мерекенің көркін аша түсті. Жиналған қауымға ақ жаулықты әжелеріміз шашуын шашып, ақсақалдар жағы батасын берді.
Мерекеге жиналғандар арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, қой көтеру сияқты ұлттық ойындарға қатысып, бақ сынады. Жеңімпаздарға демеушілер әзірлеген сыйлықтар табыс етілді.
Көңілді мереке концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.Берекесі мен бірлігі жарасқан Молдағұлова көшесі тұрғындарының игі бастамасы көпке үлгі болмақ.