Тарбағатай ауданының даму көрсеткіші қарқынды. Барлық салада ілгерілеу бар. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің қосқан үлесі зор. Бұдан бөлек, ауданда жаңа жұмыс орындары ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің мәселесі де оңды жолға қойылған. Сол арқылы аудан экономикасын дамыту, бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік туды.

Тарбағатай ауданы аймақтағы экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Алдағы уақытта көптеп ірі жобалар іске асырылып, аудан дамуына серпін бермек. Бұл туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекбаев ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Сонымен қатар, Ақжар ауылында заманауи иппотерапия орталығын ашу көзделуде. Бұл орталық атпен серуен ұйымдастыру арқылы медициналық ем-дом қызметін жаңа деңгейге көтереді. Қазіргі уақытта жоба талқылау кезеңінде тұр және қаржыландыру көздерін анықтауды талап етеді. Дегенмен, жобаның өзі халық арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұдан бөлек, ауданның көркін келтіретін абаттандыру жұмыстары да қарқынды. Мәселен бұл бағытта ауданда 150 миллионға 25 жоба жүзеге асырылған.

Мал шаруашылығын дамыту аясында ауданға ет өңдеу комбинатын салуға инвесторлар тарту жұмысы белсенді жүргізілуде. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекет басшысының бастамасымен Тарбағатай ауданында заманауи әуежай салу жоспарланған. Бұл жоба Зайсан және Тарбағатай аудандарын біріктіріп қана қоймай, Зайсан көліндегі су көлігі порты мен Майқапшағай-Тұғыл теміржол желісіне қолжетімділікті қамтамасыз етпек.