Облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Мерген» фото және бейнебақылау камералары іске қосылуда. Жаңа камералардың бұған дейінгі қолданыста болған «Сергек» жүйесінен айырмашылығын әріптесім Нұртас Қайролдаев айтсын.

Облыс орталығында деректерді өңдеу орталығын жаңғырту жұмыстары қарқынды. Қолданыста болған «Сергек» камераларын «Мерген» апараттық-бағдарламалық кешені алмастыруда. Жаңа жүйе қыргүйек айынан бастап іске қосылған. Қазіргі таңда он мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып үлгерген.

Жаңа бақылау жүйесі жоғарғы сапалы видеокамералармен жабдықталған. Қоғамдық орындарда құқықбұзушыны анық көре алады. Ал жол бойында орнатылған камералар көліктің жылдамдығын, жүргізушінің қауіпсіздік белдігі мен ұялы телефонды ұстағанын көруге қауқарлы. «Мерген» жүйесі радарлы технология арқылы жұмыс істейді. Жылдамдықты асырған азаматтарды алыстан бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жол үстіндегі төрт қатарлы көлік жолағын бірдей бақылауда ұстай алады, дейді сала мамандары.

Алдағы уақытта осындай апаратты бағдарламалық кешендер Риддер және Алтай қалаларында орнатылмақ. Бұл өз кезегінде аймақтағы «ақылды қалалар» санын арттыруға сеп болмақ.