Борис Александров атындағы спорт сарайында шайбалы хоккейден шоу-матч өтті. Жарысқа қатысушылардың көпшілігі осы спортта бағы жанып, бабы келіскендер. Ал, «Торпедо» клубының бас демеушісі – «Қазцинк» компаниясы жарыстың өтуіне мұрындық болды.

Мұз үстіндегі жарысты тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Жанкүйерлер шара басталмай жатып өздерінің сүйікті ойыншыларына қолдау көрсетіп, ұрандарымен демеді. Қатысуышлардың ішінде Талғат Жайлауов, Виталий Колесник, Александр Шин, Вадим Краснослободцев, Максим Худяков, Вадим Рифель, Николай Заржицкий, Алексей Бондаревтердің есімі көпке белігілі.

Ерекше форматтағы турнир өңірде шайбалы хоккей спорты мен салауатты өмір салтын дәріптеу мақсатында жүзеге асты. Алдағы уақытта мұндай хоккей матчтарын өткізуді дәстүрге айналдыру да жоспарланған. Ойыншылар жарысқа қызу дайындықпен келген.

Дода өте тартысты өтті. Жарыс соңында командалар бір-біріне қолдау білдіріп, қол берісіп тарқасты.