Тарбағатай ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл алпыстан аса отбасы баспаналы болды. Олардың арасында халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар санатына жататын азаматтар бар.
Тарбағатай ауданында «Бірқабатты Шығыс» жобасы аясында 2022 жылы 15 баспана, 2023 жылы 27 баспана берілген. Биыл бұл көрсеткіш екі өскен. Мәселен, Ақжар ауылында салынған 62 пәтердің құрылысы аяқталып, пәтер кілті табысталды. Тәуелсіздік мерекесінде берілген үйлердің ауласы кең, еңсесі биік. Көпбалалы отбасылар үшін 85 шаршы метрлік 26 пәтер берілсе, 70 шаршы метрлік 36 пәтер халықтың әлеуметтік осал топ санатындағыларға бөлінген.
Баспаналы болғандардың алдыңғы қатары төрт жылдан астам кезекте тұрғандар. Олар бұл сәтті асыға күткендерін айтады.
Соңғы үш жылда Тарбағатай ауданында 103 отбасы өз шаңырағына қол жеткізген. Бұл жүйелі атқарылған мемлекеттік саясаттың жемісі, дейді аудан басшысы Дархан Жөргекбаев.
Аудан басшылығы игі істер легі алдағы жылы да өз жалғасын табатынын айтады.