Аймақ басшысы Ермек Көшербаев энергетика саласына үлес қосқан үздік энергетиктерді марапаттады. Энергетика саласының мамандары үшін 22 желтоқсан – кәсіби мереке. Энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі үшін 36 қызметкер құрметке ие болды.

Салтанатты шара барысында сала мамандары ҚР Энергетика Министрлігі мен облыс әкімінің атынан Құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен марапатталды. Әкімнің айтуынша, облысымыздың жұмысшы мамандығының қызметкерлері – нағыз батырлар.

Өскемен Жылу электр санциясының қызметкері Владимир Трусов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ең алғашқы еңбек жолын слесарь болып бастаған. Қазір энергетика саласындағы турбиналық цех бөлімінің бастығы. Энергетика саласында қызмет етіп жүргеніне дән риза.

Қазіргі уақытта облыста энергетика саласы үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. 2024 жылы электр қуатын өндіру жағдайы ұлғайып, соңғы бес жылда алғаш рет электр энергиясының профицитіне жетті. Сондай-ақ, биыл бірнеше аудандағы жылу ошақтарында ауқымды жөндеу жұмыстары аяқталды. Енді алдағы уақытта жаңадан құрылған аудандардың әкімшілік орталықтарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлануда.