Облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша республикалық кадр резервіне өткен мұғалімдермен кездесті. Бағдарлама былтыр пилоттық режимде іске қосылып, ұстаздардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған. Жоба аясында республика бойынша 208 педагог арнайы оқудан өтсе, олардың 16-сы Шығыс Қазақстан облысынан.

 «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы – еліміздің білім беру саласына жаңа дем беретін бірегей жоба. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып, білікті ұстаздарды басшылық қызметтерге даярлауға бағытталған.

Жобаға қатысушылар бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтеді. Алғашқы кезеңде тестілеу, кейін оқыту, тағылымдамадан өту және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесу қарастырылған. Барлық кезеңнен сәтті өткендер республикалық кадр резервіне өтеді.

Жоба аясында сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі. Олар республикалық кадр резервіне енгізіліп, бос басшылық лауазымдарға байқаусыз тағайындалады.