«Үздік кәсіптік бағдар беруші» байқауының қортындысы шығарылды. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған шараға аймақтың техникалық және кәсіптік білім жүйесінің білім беру орындарынан 19 кәсіптік бағдар беруші қатысты. Олардың барлығы бір ай бойы өткен сайыста оқу процесіндегі кәсібиліктің, шығармашылықтың және инновациялық әдістердің жоғары деңгейін көрсеткен.
Байқаудың мақсаты - колледждер арасында үздік кәсіптік бағдар берушіні анықтау, кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастырудың жаңа нысандарын іздеу және өңірлік еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, мамандықтарды танымал ету мен оқушылардың болашақ мамандықты таңдауға қызығушылығын арттыру.
Байқау қортындысы бойынша үшінші орынға өскемендік Айым Тоқтарова жайғасты, ал екінші орынды Зайсан ауданынан келген Жанерке Оразбекова қанжығасына байлады. Ал, бірінші орынға Эльмира Слямова лайық деп таңылды. Ол өз жобасын жан-жақты зерттеп, зерделеп, сүрінбей қорғап шыққан.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең «Сүйікті мамандық» тақырыбында бейнероликтер дайындау болса, екінші кезең бойынша қалалар мен аудандарда өткен мамандықтар көрмесі болды. Ал, үшінші кезең TEDx форматындағы кәсіптік бағдарлау жобаларын қорғауды мақсат етті.
Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері ШҚО Білім басқармасының дипломдарымен, бағалы сыйлықтарымен және арнайы сертификаттарымен марапатталады.