Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы экономика негізі болып саналады. Биыл бұл салада жүзеге асырылған табысты жобалар жетерлік. Мәселен, дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25%-ға артқан. Бұл табыс өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру үшін маңызды факторға айналды. Сондай-ақ, өнделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты екі есе өскен.
Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылы 37,6%-ды құраса, биыл 65,5%-ға жеткен. Сондай-ақ, облыстың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында биыл халықаралық іс-шаралар аясында өсімдік майын экспорттауға бірнеше ірі келісімшарт жасалды. Мәселен, Қытайда өткен халықаралық көрмеде 11 миллион доллар сомасына келісімшарт жасалды. Келісімдер өңірдегі үш ірі компания: «ВостокЭкоЛайн», «Сей-Нар» және «Янтарь УК» ЖШС-лар арасында жасалды.
Таяуда ғана ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері Үкімет отырысында биылғы 11 айда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 11,6% жылдық жоспармен 13,4%-ға артып, 7,8 трлн теңгені құрағанын хабарлады. Бұл өсім өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемін 19,9%-ға, мал шаруашылығында 3,2%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығында өндірістің өсуі табиғи-климаттық жағдайлардың қолайлы болуы және Үкіметтің егіс жұмыстарын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету шараларын уақытында қабылдауы есебінен қамтамасыз етілді.